«ҚР ОРТА БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢАРТЫЛҒАН МАЗМҰНЫ АЯСЫНДА ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНДЕ «ОРЫС ТІЛІН» ОҚЫТУДЫ ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ӨТКЕН СЕМИНАР ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

«ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ФИЛИАЛЫ «АЛМАТЫ
ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ПЕДАГОГ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН 
АРТТЫРУ ИНСТИТУТЫ»

 

«ҚР ОРТА БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢАРТЫЛҒАН МАЗМҰНЫ АЯСЫНДА
ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНДЕ «ОРЫС ТІЛІН» ОҚЫТУДЫ ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ»
ТАҚЫРЫБЫНДА ӨТКЕН СЕМИНАР ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ


Семинар мақсаты:  жаңартылған оқу бағдарламасының мазмұны мен ерекшеліктеріне тоқталып, бағдарлама аясында қазақ сыныптарында «орыс тілін» оқыту әдістемесін жетілдіру қажеттілігі туралы түсініктерін қалыптастыру.
 
Семинарға қатысушылар: кафедралардың профессорлық-оқытушы құрамы, деңгейлік бағдарлама орталығының тренерлері.
 
Модераторлар: Ермухамбетова Ж.Е, Нурпеисова А.Т
 
          Семинар барысында қазақ сыныптарында «орыс тілін» оқытудың жаңартылған бағдарламасының теориялық негізі қаралды. Семинарға қатысушылар жаңартылған оқу бағдарламасының құрылымы, мақсаты мен міндеттерімен танысты. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында қазақ мектептерінде «орыс тілін» оқытудың ерекшеліктері көрсетілді. Сонымен қатар «орыс тілі» сабағында оқушылардың сын тұрғысынан ойлау, коммуникативті дағдыларын дамытумен қатар үш тұғырлы тіл саясатымен байланысына да назар аударылды.
 
 
 
          Семинарда қарастырылған мәселелер қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Пікірталас кезінде әртүрлі ойлар айтылды, бірақ соңында барлығы үш тілділік саясатын қолдау керектігін, тіл аясын жеке, әлеуметтік және білім беру мақсатында күшейту керек деген ой қалыптасты. Осының барлығы пәндерді жетік меңгеруге әсер ететін жалпы академиялық тілді дамытуда оқушыларға сапалы білім беруде, пәнаралық байланысты орнатудағы рөлін айқындады.
           Сондай-ақ оқушылардың білімін бағалаудың критериалды түрін қолдану сұрақтары да қаралды. Нақтырақ айтсақ, бағалаудың формативті және суммативті түрлері, олардың айырмашылығы мен қолдану мақсаты анықталды.
           Семинардың екінші бөлімінде сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған жұмыстың белсенді формалары мен әдістері қолданылған тренинг өткізілді.
           Шағын топтарда мәтінді талдау жұмыстары ұйымдастырылды. Әріптестер тренинг барысында қызығушылық пен белсенділік танытып,  жаңартылған оқыту бағдарламасының қажеттілігіне көз жеткізді.
 
 
 
         Сонымен  қатар, семинар кезінде «Үш тілдік оқыту моделін жүзеге асыру», «орыс тілі сабақтарын оқытудың белсенді формалары мен әдістері», «қазақ мектептерінде «орыс тілінен» сабақ беретін ұстаздардың  жаңартылған оқыту бағдарламасы аясындағы жұмысы жайлы» видеоматериалдар талқыға салынды. 
         Жалпы семинарға қатысушылар жаңартылған оқу бағдарламасы, қазақ мектептерінде «орыс тілін» оқытудың инновациялық жолдары, жаңа стратегиялар мен сын тұрғысынан ойлау технологиясы туралы көптеген маңызды ақпарат алды. Жаңартылған бағдарлама бойынша құнды-практикалық маңызы бар мазмұнды материалды зерттеу арқылы, семинардың мақсаты мен міндеттерін жүзеге асырды.  
 
2.jpg3.jpg4.png6.png5.png1.jpg