БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ АЯСЫНДА ТИІМДІ ОҚЫТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ АЯСЫНДА ТИІМДІ ОҚЫТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ 

      2018 жылдың 16 қаңтары күні Алматы облысы, Талғар ауданы, Панфилов ауылы, №33 жалпы орта мектебінде «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» Инновациялық технологиялар және жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен «Орта білім мазмұнын жаңарту аясында ғылыми-жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерін оқытудың тиімді жолдары» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

   Іс-шараға «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы қызметкерлері, ЖОО әдіскер-ғалымдары, облыс, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен мұғалімдері, PhD докторанттары мен магистранттары қатысты.


  

Конференцияның мақсаты: орта білім мазмұнын  жаңарту  жағдайында  ғылыми-жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерді оқытуда тиімді әдіс-тәсілдер арқылы білім сапасын жетілдіру жолдарын  саралау.

Конференция жұмысы пленарлық және секциялық отырыс түрінде келесі бағыттар бойынша ұйымдастырылады:

- математика және  жаратылыстану  ғылымдары пәндері;

- қоғамдық-гуманитарлық пәндер.

     Пленарлық отырысты «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» директорының ғылым жөніндегі орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, доцент Толқын Ауелгазина ашып, мұғалімдердің алдында қазіргі заманға сай бейімделіп, өздерін дамыта алатын тұлғаны тәрбиелеу сынды маңызды міндет тұрғандығын атап өтті. Сонымен бірге, Толқын Құдайбергенқызы «Білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамыту» тақырыбында баяндама оқып, институттың профессор-оқытушылық құрамының мақсаты білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдерге көмек көрсету болып табылатындығын айтты. 

     Сондай-ақ, конференциялық пленарлық мәжілісінде педагогика ғылымдарының кандидаты, Алматы университетінің доценті Дүйсен Шардарбеков –  «Биология пәні бойынша білім мазмұнын жаңартудың  ғылыми негіздері»; филология ғылымдарының кандидаты, Мұғалімнің  кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау кафедрасының меңгерушісі Аманғали Мұхтаров – «Прозалық шығармаларды оқытуда оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамыту жолдары»; Ш. Смағұлов атындағы Алматы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика мектеп интернатының мұғалімі Лина Молдаханова – «Биология пәнін оқытуда оқушыларды сыни көзқарастарын қалыптастыратын тапсырмалар жиынтығын ұйымдастырудың тиімді жолдары»;  Қарасай ауданы   әл-Фараби атындағы ОМГ мұғалімі Раушан Берікқызы – «Информатика пәнін оқытудағы құзіреттілікті әдіс-тәсілдер» тақырыбында баяндама жасады. 

    Жиынға қатысушылардың ерекше қызығушылығын оятқан Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің магистранты, «Болашақ» бағдарламасының 2015 жылғы түлегі, Семей қаласы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары санатты математика пәні мұғалімі Чултуков Нартай Советханұлының «Жаңартылған оқу бағдарламасында оқытудың тиімді тәсілдерін қолдану» тақырыбындағы баяндамасы болды. Тағы бір атап өтерлік жайт, Нартай Советханұлы конференцияға өз бастамасы және өз есебінен келіп қатысты. Оның айтуынша, конференцияда көтерілген жаратылыстану ғылымдары мен гуманитарлық пәндердің мәселелері заманауи білім беру саласында өте маңызды.

    Секциялық отырыстың модераторлары мен хатшылары  – «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ» оқытушылары болып, Инновациялық технологиялар және жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Әбдіқади Мұстафаевтың жетекшілігімен мектеп мұғалімдерінің баяндамаларын тыңдады.

    Шара барысында мұғалімдер өздерінің кәсіби қызметіне қатысты мәселелерді талқылап, орта білім берудің мазмұнын жаңарту аясында пәндерді оқытуға, іргелі білім сапасын жақсартуға негізделген мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, сондай-ақ, білім беру мен ғылыми зерттеулер арасындағы байланыстарды нығайтуға тың қадамдар жасады. 

   Сертификаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталған қатысушылар іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғыс білдірді. 

     Республикалық ғылыми-практикалық конференция қорытындысы бойынша материалдар жинағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылым және электронды түрде жарық көреді.

3.jpg2.jpg4.png5.png1.jpg6.png